Home Blog

Дональд Трамп 2037 жылға дейін президент болуы мүмкін

0

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ Конституциясына енгізілген түзетулердің бірін «айла» ретінде пайдаланатын болса, 2037 жылға дейін, яғни 90 жасқа толғанша қызметінде қалуы мүмкін. Бұл туралы британиялық The Daily Mail басылымы жазды, деп хабарлайды ТАСС.

Газеттің мәліметінше, Ақ үй әкімшілігі 1951 жылы қабылданған АҚШ Конституциясының 22-ші түзетуін қолдану мүмкіндігін қарастырып жатыр.

«Бұл түзетуге сәйкес, бір адам мемлекет басшысы болып екі реттен артық сайлана алмайды. Алайда, түзетуде американдық әкімшіліктің билікте тұрған басшысы отставкаға кеткен немесе қайтыс болған жағдайда бір адамның президенттік қызметті үшінші немесе төртінші рет атқара алмайтыны нақты көрсетілмеген», — деп жазады басылым.

Осылайша, газет пікірінше, келесі президенттік сайлауда қазіргі вице-президент Джей Ди Вэнс кандидат ретінде ұсынылуы мүмкін, ал ол отставкаға кеткен соң, Трамп қайтадан президенттік қызметке кіріседі.

Daily Mail газетінің жазуынша, АҚШ Жоғарғы соты бұл шешімге заңды тұрғыда қарсы шығуда қиындыққа тап болуы мүмкін.

Айта кетейік, Дональд Трамп АҚШ-та дауыс беру ережелерін өзгерту туралы жарлыққа қол қою арқылы атқарушы билікке федералды сайлауға бұрын-соңды болмаған ықпал етуді ұсынды.

БҚО-да төбелеске түскен 30 жастағы жігіт опат болды

0

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында адам өліміне соқтырған оқиға болды, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 30 наурыз күні Жаңақала ауылында екі ер адам сөзге келіп, соңы төбелеске ұласқан.

— Алған жарақаты салдарынан 30 жастағы жігіт оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деп хабарлады ведомстводан.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, марқұм жедел жәрдем бригадасы жеткенше қайтыс болып кеткен.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, қанды оқиға дүкендердің бірінде болған.

Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Өзбекстанға барады

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен 3-4 сәуір күндері Өзбекстанға жұмыс сапарымен барады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Самарқандта Қазақстан Президенті «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитінің отырысына қатысып, бірқатар кездесу өткізеді.

Айта кетейік, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген болатын.

Отандық боксшылар «Жібек жолы» турниріне қатысады

0

Әзербайжан астанасы Баку қаласында 10-16 сәуір аралығында өтетін халықаралық «Жібек жолы» турнирінде еліміздің атынан 20 боксшы сынға түседі, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

30 наурыздан бастап қазақстандық боксшылар Әзербайжан астанасында бірлескен оқу-жаттығу жиынына кірісті.

Халықаралық турнирде қатысатын Қазақстан құрамасы:

48 келі: Е.Қарап, Н.Төребеков

51 келі: Р.Нұрлыбаев

54 келі: Б.Кенжебек, Б.Боранбек, Ж.Сәрсенбаев

57 келі: Е.Сабыр, Е.Тұрдан

60 келі: Ш.Мусинов, Ж.Көшербаев

63,5 келі: Б.Мағжан

67 келі: Д.Бекбауов, А.Көшербай

71 келі: Н.Мұрсал, Е.Сүйінбай

75 келі: С.Бегалиев, Ө.Сейілхан, М.Өтегенов

86 келі: Д. Мамыр

92 келі. Д. Рақымбердиев

Дүбірлі додаға қатысатын былғары қолғап шеберлері 11 салмақта сынға түседі.

Алматы тауларында қар көшкіні жүрді

0

«Кіші Алматы» өзенінің бассейніндегі үш шыңнан ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары жасанды жолмен қар көшкінін түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Бұл жұмыстар «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының аумағында демалушылар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді.

«Барлығы 20 000 текше метр қар түсірілді, осылайша қар көшкінінің өздігінен түсу қаупі айтарлықтай төмендеді. Осы жылдың басынан бері Алматы тауларында қар көшкінінің 17 профилактикалық түсуі жүргізілді», — деп хабарлады ТЖМ.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қар көшкіні салдарынан бір адам қаза тауып, екі адам жарақат алғанын жазғанбыз. Одан кейін Шымбұлақта жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді.

Үкімет басшысы Цифрландыру министрлігіне нақты тапсырмалар берді

0

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Цифрландыру министрлігіне нақты үш тапсырма жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

Мемлекеттік органдар қабылдайтын барлық шаралар кешенді сипатта болуға тиіс. Осыған орай Цифрландыру министрлігіне мынандай тапсырмалар беремін:

1. Жыл соңына дейін ЖИ элементтерін іске қосу арқылы Электрондық үкімет порталын жаңғырту керек.

2. Шалғай елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету жобаларын уақтылы іске асыру қажет. Сондай-ақ барлық ауылдық пошта бөлімшелерінде мемлекеттік қызметтер көрсетуді қаржыландыру мәселесі шешімін табуға тиіс.

3. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп халыққа қызмет көрсету орталықтары көрсететін мейлінше сұранысқа ие қызметтерді онлайн форматқа көшіруді қамтамсыз етсін, — деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов еліміздегі цифрландыру саласы тікелей өзінің бақылауында болатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словения Президенті бизнес-форумға қатысты

0

Мемлекет басшысы соңғы 30 жылда Қазақстан мен Словенияның өзара құрметке негізделген берік саяси-дипломатиялық байланыс орнатқанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Президенттің айтуынша, кешегі келіссөздер барысында тараптар қос халықтың игілігі үшін экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады.

«Қазақстан – аймақтағы экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан ірі елдердің санатында. Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 4,8 пайыз деңгейінде болды. Бұл болжанған жаһандық өсімнен 1,5 есе жоғары. Ішкі жалпы өнім көлемі 288 миллиард долларға жетті. Біз ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыра отырып, осы даму көрсеткішін сақтауға ниеттіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның Еуразиядағы жетекші сауда әрі логистика хабына айналуға ұмтылатынын, оған өзінің стратегиялық тұрғыдан орналасуы мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде, Орталық Азия аймағында және Қытайда тұратын 1,5 миллиардтан астам тұтынушыға тікелей шығу мүмкіндігін ұсына алады. Еліміздің аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі былтыр рекордтық көрсеткішке, яғни 514 тонна-шақырымға жетті. Қазіргі уақытта Қазақстан Еуропа мен Қытай арасындағы құрлықтық алыс-берістің 90 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Біз Орта дәліз және Солтүстік – Оңтүстік секілді халықаралық күре жолдарды белсенді түрде дамытуды қолға алдық. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізіндегі жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Аталған теңіз айлақтарынан жөнелтілетін жүк көлемі былтыр 4,5 миллион тоннаға жетті (2023 жылғы 2,5 миллион тоннамен салыстырғанда 62 пайыз өсім). Бұл – рекордтық нәтиже. Осы орайда көлік байланысын күшейтіп, сауда-саттықты жандандыру үшін Словенияның ең ірі Копер портымен тәжірибе алмасуды және серіктестікті тереңдетуді көздейміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Словенияның қарқынды дамып келе жатқан инновациялық IT cекторын ғылыми зерттеулер, стартаптар және технологиялық білім беру бағытында ынтымақтастық орнатуға үндеді.

Қазақстан Президенті қаржы қызметі мен инвестициялар саласындағы байланыстарға айрықша мән берді. Ол Словенияның іскерлік топ өкілдерін Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетін зерделеп, аталған экожүйеге қосылуды ұсынды.

Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словения Президенті Астана халықаралық қаржы орталығын аралап көрген еді.

Астанада жаңа жұмыс кестесі қашан бекітіледі

0

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден елордадағы ұйымдардың жұмыс уақыты кестесін өзгертуге қатысты пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

«Әкімдікте мемлекеттік қызметшілер мен басқа да ұйымдардың жұмыс кестесін өзгерту туралы мәселе қаралып жатыр. Бұл көлік жүктемесін азайту үшін қажет. Қалада таңертең және кешке қарбалас уақытта көлік кептелісі пайда болады, әсіресе сол және оң жағалау арасында жүру өте қиын. Қазір жұмыс кестесі пысықталып жатыр. Кейбіреуінде сәл ертерек басталса, басқаларында жұмысы сәл кейінірек басталуы мүмкін. 2014-2015 жылдары осы тәжірибе қолданылған еді. Жақын арада тиісті шешімді қабылдаймыз», — деді Т.Зейнұлқабден Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар қалалық мәслихат төрағасы «Астанадағы жұмыс кестесі қысқартыла ма?» деген сауалға жауап берді.

«Жұмыс уақыты қысқармайды, тек жұмыс кестесі реттеледі. Сегіз сағаттық жұмыс кестесі сақталады, бірақ кейбірі қызметіне ертерек кіріседі», – деді ол.

Мұнымен қоса Табиғат Зейнұлқабден қаладағы жұмыс кестесін өзгерту қарбалас уақытта жолдардағы кептелісті жоюға септігін тигізетінін айтты.

«Жұмыс уақытын қысқартумен кептеліс мәселесі шешілмейді. Бірақ кестені 1-1,5 сағатқа өзгерту елеулі түрде әсер етеді деп ойлаймын», — деді мәслихат төрағасы.

Қытай Трамп-Путин келіссөзі жөнінде пікір білдірді

0

Қытай әрқашан дағдарысты диалог пен келіссөз арқылы шешуді жақтап келеді. Бұл туралы сәрсенбі күні өткен брифингте Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин Украина дағдарысын шешу бойынша Дональд Трамп пен Владимир Путиннің телефон арқылы сөйлесуіне берген пікірінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

«Біз тиісті хабарламаларға назар аудардық», — деді Мао Нин.

«Қытай тарапы басынан бастап дағдарысты диалог пен келіссөз арқылы шешуді жақтады және атысты тоқтатуға бағытталған барлық күш-жігер бейбітшілікке қол жеткізу үшін қажетті қадамдар деп санайды», — деп атап өтті ҚХР СІМ ресми өкілі.

Бұған дейін президенттер Путин мен Трамптың телефон арқылы сөйлесуінің нәтижелері Кремль сайты мен Ақ үйге сілтеме жасап хабарланған болатын.

Елордада тұрғындарды пәтерге тіркеуге қоюдың жаңа тәртібі қашан қабылданатыны белгілі болды

0

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден тұрақты және уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеу нормативін белгілеу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Bastaumedia.kz ақпараттық порталы.

«Қазір бұл мәселені депутаттық корпуста да (Парламентте), басқа да мемлекеттік органдарда талқыланып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Астанада ресми түрде 1 млн 550 мыңға жуық адам тұрса, іс жүзінде 1 млн 800 мың — 1 млн 900 мыңға жуықтайды. Адамдардың біразы әлі тіркелмеген. Жақын арада бұл мәселеге қатысты тиісті реттеу тетігі енгізіледі деп ойлаймын. Шамамен, бірінші жартыжылдықта шешім болады», — деді Т. Зейнұлқабден Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Еске салсақ, жақында Мәжілісте заңнамаға астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту бағытындағы өзгерістер енгізуге арналған заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды.